Жыл сайын бүкіл әлемде 15 мамырда Халықаралық отбасы Күні атап өтіледі. 1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілген бұл күнді белгілеу – дүние жүзінде мемлекеттерінде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Адам өмірі отбасында басталады, азамат болып қалыптасуы да осында бастау алады. Отбасы – адам өміріндегі бағалы құндылықтың бірі және адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрып, қанат қағар ошақ қасы алтын бесігі. Әлемде жанұясынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә?
Жанұя қоғамның негізі бола отырып, мәдениеттің, дәстүрдің, жалпы адамзаттық құндылықтар сақтаушысы болып қала береді. Жер бетінде бақытты және тату отбасыдан гөрі берік одақ жоқ. Бұл жаңа өмірдің бастауы. Отбасы - адамның өз күш-жігерін жұмсай отырып, еркімен жасай алатын ең үлкен кереметтердің бірі.
Үлкенге ізет көрсету мен көп балалы болуды құрметтеу дәстүрі сақталған Қазақстанда жанұяға маңызды орын берілген, өйткені бұл атадан балаға беріліп келе жатқан құндылық.
Отбасының негізгі міндеті – жарық дүниеге ұрпақ әкеліп, оларға лайықты тәрбие мен білім беріп, адамзаттың қилы қатынастар әлемінде өз орнын табуға көмектесу. Бүгінгі аумалы-төкпелі заманда өркениетті қоғам құру әр-бір мемлекеттің басты мақсаты екені анық. Біздің еліміз де өркениетті, демократия үстемдік құрған қоғам құруға үлкен талпыныс жасау үстінде. Отбасындағы келісім мен береке, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа берілетін ұлттық өнеге мен қоршаған ортаға бейімдеу, мемлекетті өркениетке жеткізетін алып күш.
Жанұя қазіргі қоғамның негізгі іргетасы және ол кез-келген мемлекеттің демографиялық саясаты мен әлеуметтік-экономикалық дамуына зор ықпал етеді.
Денсаулық сақтау саласы отбасының дамуына, берекесіне зор ықпал етеді деуге толық негіз бар. Отбасы мүшелерінің аман-саулығы - әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Біздің елімізде де ана мен баланың денсаулығын нығайтуға басымдық берілген.
Еліміздің Ата заңы – Конституцияның 27 тарауында «Неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекеттің қорғауында болады» делінген.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 17 тарауы «Адамның ұрпақты болу құқықтарын қорғау» деп аталады.
Ал Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №752 қаулысымен бекітілген 2021 – 2025 жылдар аралығында жүзеге асырылатын «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасында басты міндеттің бірі «жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, профилактикалық медицина аурулардың алдын алудың негізгі құралына айналуға тиіс. Балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесін пысықтау, 16 жасқа дейінгі барлық балаларды медициналық қызмет көрсетудің барлық спектрімен қамту» деп атап көрсетілген.
Жоғарыда атап көрсетілген іс-шаралар Шет ауданының орталық ауруханасы мен оның құрамындағы емханалар, дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік және медициналық пунктердің баса назарына алынған. Жылдағыдай, халықаралық отбасы Күніне орай мамыр айының 11 – 15 арасында ауданның медицина мекемелерінде «ашық есік күндері» өткізіледі. Оның барысында бала туу жасындағы қыз-келіншектерге ұрпақты болу, әйелдердің созылмалы аурынан қорғану мен емдеу жайлы дәрігерлік кеңестер берілетін болады.
Халықаралық отбасы Күнін өткізу отбасы мәртебесін көтеруге, қоғамдағы маӊызды мәселелерді және қажеттіліктерді түсініп шешуге мүмкіндік беретініне сенім мол.
Аудандық орталық аурухана
директорының орынбасары Х. Әбітаева