Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1988 жылы 31 мамырды Дүниежүзілік темекісіз күн деп жариялады. Әлемдік қауымдастық алдына - ХХІ ғасырда темекі тарту мәселесін жоюға қол жеткізу міндеті қойылды.
Темекі шегу - қоғамда ең көп таралған және қауіпті әдет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша әлем халқының үштен бірі темекі шегеді, бұл шамамен 1,1 миллиард адамды құрайды. Ғылыми зерттеулер темекі шегудің адам ағзасына келтіретін зиянды әсері есірткіге тең екенін дәлелдеді. Темекі өмірге қауіп төндіретін 25-ке жуық ауруды тудырады екен, ең алдымен әрине жүрек-қан тамырлары ен онкологиялық ауруларды атауға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сәйкес, темекі шегу жанама түрде жыл сайын 10 миллионнан астам адамның өлім-жітімінің басты себептерінің бірі. Көршілес Ресейде ерлердің 2/3 және әйелдердің 1/3 бөлігі темекі шегеді екен. Қазақстанның ересек халқының шамамен үштен бірі немесе 29,2% темекі шегеді, тағы 9,3% бұрын темекі шеккен. Соңғы жылдары жүргізілген зерттеулер, Қазақстан халқының бір жылда темекі сатып алуға шығаратын шығындары шамамен 605 миллион АҚШ долларын құрап, мемлекеттің денсаулық сақтау саласының бюджетімен шамалас екенін көрсетті.
Дегенмен, экономикасы мен өркениеті дамыған елдерде халық осы бір жаман әдеттің зияндығын мойындап, темекі шегуді біртіндеп азайтып келе жатқаны мәлім. Мәселен, соңғы жылдары Америка Құрама Штаттарында 35 миллионнан астам адам, Ұлыбританияда 8 миллионнан астам адам темекі шегуден бас тартыпты.
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салатын заңдар күшіне енген. Себебі, темекі шегудің зияны жаһандық сипатқа ие болды. Темекі шегудің зияны шегушінің өзімен қатар маңайындағыларға бар екені дәлелденген факт болғанына қарамастан, темекі шегушілер бұл тәуелділіктен бас тартуға асықпай отыр.
Темекі шегу адам ағзасына қандай зиян келтіреді?
Темекінің түтіні адам өкпесіне терең еніп, құрамындағы зиянды химиялық заттар өкпе альвеоларынан әрі қарай қанмен адам ағзасының барлық органдарына тарайды. Демек, жүздеген улы заттар, олардың ішінде: никотин, бензапирен, формальдегид, мышьяк, цианид, гидроциан қышқылы, сондай-ақ көмірқышқыл газы, көміртегі оксиді және радиоактивті заттар ми, жүрек, жүйке, тері, бауыр, қан айналымы және тамақ жүйесі және т.б. мүшелерге сіңіп, олардың қызметіне нұқсан келтіреді. Никотин – өзіне тәуелділікті тудыратын улы заттардың бірі. Ол деммен 7 секунд ішінде бүкіл денеге таралады, барлық мүшелерге, соның ішінде миға, ал жүктілік кезінде ұрықтың барлық мүшелеріне енеді. Бұл ми мен жұлынға, жалпы жүйке жүйесіне, жүрекке және басқа да көптеген мүшелерге әсер ететін күшті стимулятор.
Темекі шегудің денсаулыққа зиян екенін кез келген адам біледі, бірақ адам ағзасына темекі түтінімен никотинмен бірге жоғарыда аталған улы заттар кіргенде не болатыны туралы білетіндер аз. Ғылыми зерттеулер нәтижесінде, темекі түтінімен бір жыл ішінде өкпенің альвеолаларына шамамен 1 килограмм улы шайыр жиналатыны анықталған. Темекі түтініндегі никотинге есірткіге ұқсас тәуелділік дамиды. Тыныс алу жолдары созылмалы қабыну режимінде болып, бронх ауруларының, созылмалы жөтелдің, онкологияның дамуына жол ашады, ағзаның улы заттарға қорғаныс реакциясын тудырып әр түрлі аллергияның пайда болуына әкеліп соқтырады. Әрі қарай ағзаның иммунитеті едәуір төмендеп, әр түрлі вирустар мен инфекцияға қорғанысы төмендейді.
Темекі түтіні жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етеді: никотин адреналиннің шамадан тыс шығарылуына әкеледі де қан қысымын көтереді. Нәтижесінде ағзаға оттегінің қажеттілігі артады. Темекі құрамындағы никотин қан ұйығыштарының пайда болуына, қан тығыздығының жоғарылауына ықпал етеді. Темекі шегетін адамның жүрек соғуы (пульсі) жиіленіп минутына 15-18 жетеді, өз кезегінде бұл жүректің жұмысына салмақ түсіреді. Жүрек-тамыр жүйесі ауруларының арасында жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі, ми тамырларының және перифериялық тамырлардың атеросклерозын атауға болады. Оттегімен қанықпаған қан тарылған тамырлар арқылы баяу ағып өтуге мәжбүр болады. Оттегінің жетіспеушілігі нәтижесінде көптеген органдар зардап шегіп бас ауруы, шаршау, әлсіздік, бас айналу сияқты белгілер пайда болады.
Темекі шегу қатерлі ісіктің пайда болуына себеп болады. Ғалымдар қатерлі ісік ауруының шамамен сексен пайызы темекі шегумен байланысты екенін дәлелдеді.
Сондықтан дәрігерлердің, темекі шегуді адамзаттың басты жауларының бірі деп санайтыны таңқаларлық емес.
Қазақстан Республикасында темекі шегуге қарсы күрес белсенді түрде жүргізілуде және еліміздегі темекі шегуге шектеу қою саясаты өз нәтижесін беруде. Жылдан жылға темекі шегушілердің саны, әсіресе ер адамдар арасында біртіндеп азаюда. Дегенмен, темекі шегудің зияндылығын халықтың көпшілігі мойындағанмен бұл әдеттің таралуы әлі де жоғары.
Мақаланы оқығаннан кейін сіз, егер темекі шегетін болсаңыз, темекі түтінінің қандай зиян әкелетінін білдіңіз. Темекі шегуді қойып салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрыңыз, бұл сіздің таңдауыңыз.
Д. Нұртаев, дәрігер