Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең екен. Қоғам өркендеп адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт пен кесел де көбеюде. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын кеселдi адамдар өздерi ойлап табады.
Нашақорлық (грек тілінде narcomania - құмарту) – есірткі заттарына ерекше құмарлық. Есірткіні қолданудың және оған кіріптар болудың зардабы сол: кейін одан құтылу мүмкін емес. Бұған көбінесе жасөспірімдер бейім, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны «биопсихоәлеуметтік рухани» бұзылыс деп атайды. Яғни, есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады, оның адамгершішік қасиеттері жойылып психикасы бұзылады, отбасынан айырылады, маңайындағы адамдарға зиян келтіреді. Адам баласы тұлға ретінде қоғамның бір мүшесі десек, нашақорлық қоғамға, мемлекетке қауіп төндіретінін атап өту керек. Одан зардап шеккен тағдырлар қаншама! Қаншамасы бәз-баяғы өмірлеріне орала алмай зар. Әрине, дер кезінде ес жиып, «адам» болып кеткендері де жоқ емес.
Есірткі тұтыну бағзы замандардан басталған. Ғасыр індеттерінің бірі нашақорлықты, шетелдік ғалымдар бұдан былай да өркениетпен бірге жүретін індет деп бағалап отыр. Қазіргі таңда нашақорлық пен есірткі бизнесінің проблемасы халық денсаулығына және тұтастай алғанда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаһандық қатер болып саналады және де Қазақстан қоғамының алдында тұрған және шұғыл шешуді талап ететін өзекті мәселелердің бірі. Оның басты себептері еліміздің шекарасынан сырттан есірткінің енуінің қысқармауы, Ауғанстанда есірткі заттарын өндірудің одан әрі өсуі, ал Еуропадан келетін синтетикалық есірткілер контрабандасы көлемінің ұлғаюы болып отыр.
Қазақстан жерінен есірткі тасымалының өтуі республикада есірткіге тәуелді азаматтар санының көбеюіне айтарлықтай ықпал етеді. Бүгінгі таңда елімізде, есірткі нарығы қайта құрылу үстінде, өсімдіктен алынатын дәстүрлі есірткілерді ауыр есірткілермен ауыстырудың процесі жүріп жатыр. Соңғы кезде елімізде әсері күшті, қымбат тұратын және денсаулыққа барынша қауіпті синтетикалық есірткі заттарды пайдалану артып отыр.
Жастардың арасында есірткіге әуестік көп ретте білместіктен басталады.
Жасөспірімдер қоршаған ортаның кері әсеріне бейім келеді. Өз іс-әрекеттерінің салдарын дұрыс болжай алмау, дүниетанымның дұрыс қалыптаспағандығы, иланғыштық, кері әсерге еліктеушілік алғаш рет есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер болып саналады. Ал топтық психология, еліктеушілік алғаш рет есірткінің дәмін татуға итермелейді. Соңғы деректер марихуана шегетіндердің ең алдымен өкпесі қабынып, одан әрі өкпенің қатерлі ісігі дамитынын көрсетті. Сонымен қатар есірткі қолдану кезінде аса қауіпті ауруларды жұқтыру мүмкіндігі күрт өсетіні, есірткі заттармен улану бауырдың дистрофиясын тудыратыны, адамды мүгедектікке ұшырататыны белгілі болды.
Келесі бір маңызды себептер отбасыға байланысты. Ата-ананың бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлмеуі, отбасы мүшелерінің бірінің ішімдікке салынуы, отбасында тұрақты табыс көзінің болмауы, жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуі, алкоголь мен есірткіге қол жеткізудің оңай болуы сияқты себептер жасөспірімдерді нашақорлыққа бастайды. Қазіргі жастар тез өсіп, дене бітімі тез жетіледі. 9-12 жастағы балалар темекі шегуді мәртебе санайды. Сондықтан ата-ана осы жастағы баласына көбірек көңіл бөліп, темекі, спирттік ішімдік және есірткінің зияны туралы айтып отыруы керек. 13-15 жастағы жасөспірімдер есірткі туралы ересектерден естіп біледі. Олар нашақорлықтың ауыр, емделуі қиын дерт екенін түсінбейді. Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп жүрсе, ал қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап жатыр.
Бүгінгі күні нашақорлықтың алдын алу шараларының жаңа түрлері мен әдістері қолданысқа енгізілген. Мәселе дау жанжалы көп отбасы, нашақорлық проблемасы және құқыққа қайшы әрекеттер жасайтын мүшелері бар отбасылар, ажырасқан отбасыларда туындайтынын ескерген жөн. Нашақорлық тек есірткіге еліктірілген кәмелетке толмаған балалардың ғана проблемасы емес, ол балалары есірткіге әуестенген отбасының проблемасы. Сонымен бірге «сәтсіз отбасылар» одан бетер ішімдікке, нашақорлыққа салынады; дау жанжалы көп отбасы бұл проблеманы шешуге ауық-ауыққана қатысып, барлық ауыртпашылықты дәрігерлерге, полицияға, мұғалімдерге жүктейді. Ал керісінше, отбасында өзара түсінік, сыйластық, имандылық қасиеттері қалыптасқан жағдайда жасөспірімдерде бұндай жағымсыз әрекеттерге баруға жол берілмейді.
Есірткіге деген қоғамдық иммунитетті қалыптастыруға және қоғамның есірткіге бейімделуінің әлеуметтік-мәдени факторларының әсерін басуға мүмкіндік беретін іс-шаралар өткізу мен жасөспірімдердің бос уақытын қоғамдық құнды ынталары мен бейімділіктері негізінде ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінуі маңызды.
Балалар, жасөспірімдер мен жастарды қамтумен акциялар (диспуттар, пікірталастар, салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтарды қатыстырумен мәдени көпшілікке арналған іс-шаралар) ұйымдастырып өткізу, жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік проблемаларын жеңуде психоәлеуметтік қолдау жүйесін дамыту, жастарға арналған денсаулық, құпия кеңестер беру орталықтарын құру және дамыту, «сенім» телефондары жұмысын жетілдіруге басымдық берген дұрыс.
Осындай рухани-әлеуметтік кеңістік құру арқылы жасөспірімдер арасындағы нашақорлықты және т.б. рухани дерттерді жойып, саналы ұрпақ өсіруге болады. Ел болашағы – дені де, тәні де сау ұрпақты тәрбиелеу баршамызға жүктелген абыройлы міндет.
Бүгінде әлем назарын аударып отырған заңсыз есірткі бизнесі кім-кімді де болсын алаңдатпай қоймайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы заңсыз есірткі айналымына баса назар аударып отыр. Осыған орай Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы есірткіге қарсы іс-қимылын үдетуде. Сондықтан әр бір азамат есірткіге қарсы күрестің ел ертеңі үшін күрес екенін есте сактай отырып нашақорлыққа қарсы өз үлесін косатынына сенімдіміз.
Шет ауданы орталық
ауруханасының бас дәрігері А. Аманжолов