Коронавирус инфекциясынан сақтанайық!

Әлемде коронавирус пандемиясы әлі де жалғасуда. Соңғы бірнеше айда Қазақстанда коронавирус инфекциясы саябырлап, халық карантиндік шектеулерді енді ұмыта бастап еді, мінеки 20 маусымнан бастап республикада коронавирус ауруының қайта өршуі байқалады. Соңғы екі аптада елімізде ауырып тіркелген ауру саны 3,2 есеге артты. Соңғы тәулікте елімізде коронавирус инфекциясына 2661 адам шалдықты, жүргізіліп жатқан ем-шаралардың арқасында өлім-жітім жағдайы тіркелген жоқ. Инфекцияның жедел өсімі Нұр-Сұлтан қаласында (949), Алматы қаласында (446), Қарағанды облысында (344) байқалды. Еліміз бойынша 1505 науқас коронавируспен ауырып стационарлық ем қабылдап жатса, оның 51 ауыр халде жатыр. Инфекция деңгейін бағалау матрицасына сәйкес, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы "сары" аймақта, басқа өңірлер "жасыл" аймақта орналасқан. Шет ауданында да эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. Аудан көлемінде сәуір айының басынан бері Ковид-19 мүлде тіркелмеген еді. Бүгінгі күндері 13 КВИ-дің оқиғасы тіркелді, олар Ақадыр кентінде (10), Ақжал кентінде (2), Ақсу-Аюлыдан (1).
Соңғы мәліметтерге сәйкес әлем елдерінде, оның ішінде Қазақстанда коронавирус пандемиясының осы жолғы өсіміне себепкер болып отырған коронавирустың "Омикрон" штамы (варианты) болып отыр. Бұрынғы вариантарға қарағанда ауру жеңіл түрде өтіп, адамның жоғарғы тыныс жолдарына көбірек әсер етеді, яғни жедел респираторлық вирустық инфекция ретінде көрініс береді. Клиникасында назофарингит, ринит, жөтел, дене қызуының жоғарылауы жиі кездеседі. Өкпенің зақымдануы иммунитеті төмен, осал топтарға жататын адамдарда ғана байқалады. Аурудың жасырын (инкубациялық) кезеңі қысқарып, ауруға шалдыққан сырқаттың жұқпалы болуы анағұрлым жоғарылаған.
Бұл жолғы коронавирус инфекциясын емдеу әдістері өзгерген жоқ. Егер науқастың қызуы көтерілсе және ол жедел респираторлық инфекция белгілері байқалса, әдеттегідей телефон арқылы учаскелік дәрігерге хабар беріледі. Әрі қарай дәрігер мамандар тиісті ем-шара жүргізеді. Бәрімізге де белгілі, инфекцияны емдеуден гөрі оның алдын алу әлдеқайда оңай екені. Инфекция жұқтырмау үшін әр-бір азамат қоғамдық орындарда бетперде қолданып, адамдар көп жиналатын жерлерде 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтағаны, сонымен қатар қолдарын жиі жуып, зарарсыздандырғаны, бөлмені жиі желдетіп отыру шараларын ұмытпағаны жөн деп, санаймыз.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі А. Ғинияттың мәлімдеуінше коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты өңірлерде эпидемиологиялық бақылау мен профилактикалық жұмыстар күшейтілді.
Коронавируспен күресте вакциналаудың ерекше рөлін атап өткен жөн.
Осының алдындағы пандемияны тоқтатуға аудан тұрғындарын вакциналаудан өткізудің арқасында қол жеткізілді. Бүгінгі күні 2 мәрте екпені ауданның 22525 тұрғыны алса, 3-ші екпені - ревакцинаны 8630 адам, 4 рет екпені 1104 адам қабылдап иммунитетін күшейтті.
Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы № 2 Қаулысы Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу туралы Қазақстан Республикасындағы коронавирустық инфекция бойынша (23.05.2022 ж. жағдай бойынша өзгерістермен және толықтырулармен) КВИ-ға қарсы қайта ревакцинацияға КВИ жұқтыру қаупі жоғары мынадай адамдар жатады (басымдылығы бойынша): медициналық қызметкерлер; медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті мен персоналы; әлеуетті құрылымдардың қызметкерлері; педагогтар; пенитенциарлық (қылмыстық-атқару) жүйесі мекемелерінің контингенті; 50 жастан асқан адамдар.
Бұрынғыдай аудан орталығындағы және Ақадыр кентіндегі емханаларда стацинарлық вакциналау орындары халыққа қызмет көрсетуде, оның сыртында Нұраталды, Сәкен Сейфуллин, Ақжал, Красная Поляна Өспен, Мойынты дәрігерлік амбулаторияларында жылжымалы егу орындары жұмыс атқаруда.
Құрметті жерлестер!
Бәріңізге белгілі, атам қазақ «Ауырып ем іздегенше – ауырмаудың жолын ізде», дегені. Өз еркіңізбен вакцина қабылдау Сізді және отбасы мүшелерін коронавирус инфекциясынан қорғайтын болады. Вакциналау орындарына келіңіз, екпе қабылдаңыз!

Шет ауданының бас дәрігері А. Аманжолов