28 шілде күні бүкіл әлемде Дүниежүзілік вирусты гепатитпен күрес күнін атап өтілді. Вирусты гепатит бауыр жасушаларының толықтай зақымдануы мен оның атқаратын жұмысының бұзылуына әкелетін, адам организмінің аса маңызды мүшесі - бауырдың ең көп таралған инфекциялық ауруы болып саналады.
Бүгінгі күні ғылымға бұл аурудың бес түрі белгілі, олар А, В, С, Д, Е деп аталады. Және де гепатиттердің жедел, созылмалы және ұзаққа созылатын түрлері кездеседі.
Адамдар арасында, жоғарыда аталған гепатиттің А, В, С, Д, Е вирустары қалай таралады?
Вирустың түріне байланысты гепатит инфекциясы ауру адамнан сау адамға екі түрлі жолмен беріледі: вирус жұққан тамақ ішкенде, болмаса вирус жұққан затты ауызға алғанда және вирус адамның қанына енгенде. Адамның қаны арқылы В, С, Д вирустары жұғып тарайды, ал А мен Е вирустары ауыз қуысы арқылы вирус жұққан тамақ, сусын ішкенде және қолды, бейсауат затты ауызға салғанда жұғады.
Гепатит вирусы адам организміне енгеннен кейін не болады?
Вирусты гепатиттердің не екенін және олардың адам ағзаларына қалай әсер ететінін түсіну үшін ғалымдыр аурудың даму механизміне зерттеу жүргізген. Денеге енгеннен кейін вирустар бауыр жасушалары мембранасының, яғни қабығының ақуыз заттарымен байланысып, жасушалардың ішіне енеді. Вирустар жасушалардың ішіне енгеннен кейін жасушалардың геномына шабуыл жасап, өзінің қарапайым геномына ауыстырады. Нәтижесінде, бауырдың жасушалары өздерінің атқаратын жұмысын тоқтатады да өздері жойыла бастайды. Бұл одан әрі бауырдың атқарып отырған жұмысын бұзып жағдайды одан әрі ушықтырады. Егер, бауырдың адам организмін тазартып тұратын мүше екенін ескеретін болсақ, организмнің қандай қиындықтарға ұшырайтынын елестетуге болады. Пайдаланған тағамның, сусынның және ағзаларда тоқтамай жүріп жатқан биохимиялық процестердің нәтижесінде ыдырайтын қалдықтары, яғни жасушалардың, ақуыздың, майлар мен көмірсутектердің қалдықтары адам организмін улайды.
Жоғарыда А мен Е гепатитарының қоздырғыш вирустары көбінесе ауыз су мен тамақ арқылы тарайды деп атап өттік. Әдетте, адамдар бұл ауру жұққасын ауырады, бірақ инфекция жеңіл түрде өтуіне байланысты күн өте жағдайлары түзеліп қалпына келеді және гепатиттің осы түрлеріне тұрақты иммунитет пайда болады. Адам сырқаттанғанда аурудың бірінші белгілері бір аптадан кейін білінеді, кейбір жағдайларда жасырын (инкубация) кезеңі бірнеше айға созылуы мүмкін. Бұл адамның иммунитетіне және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Аурудың дамуында келесі белгілерді байқауға болады: бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттің ауыруы, дене қызуының жоғарылауы, тәбеттің төмендеуі, ұйқысыздық, құсу және жүрек айну. Мұндай белгілер науқаста 1-2 апта ішінде пайда болады да, кейінірек жойылып кетеді.
В гепатиті вирусыныңң геномы ДНҚ-дан түзеледі. Бұл вирус адам организміне терінің немесе шырышты қабаттың тұтастығының бұзылуынан немесе медициналық манипуляциялар (екпе, ота жасағанда, система қойғанда, тіс емдегенде, жұлғанда және т.б.) барысында еніп жұғады. Организмге енгеннен кейін аталмыш вирус адамның биологиялық сұйықтықтарында (қанда, ұрықта және сілекейде, терде) сақталады. Бұл дерт дамыған сайын сырқаттың жағдайы ауырлап келесі белгілер байқалады: шаршаудың күшейуі, салмақтың күрт кемуі, үлкен дәреттің бұзылуы, оң жақ бүйірдің ауырсынуы, іш қуысында артық сұйықтықтың жиналуы, терінің және шырышты қабаттардың сарғаюы, қызыл иектің шырышты қабатынан қан кетуі. Ауруды анықтап диагноз қою үшін зертханалық және аспаптық тексеру шаралары жүргізіледі.
Е гепатиті санитарлық ережелер ескерілмеген, ауа райы ыстық елдерде ластанған су арқылы тарайды. Клиникалық көрінісі А типті вирус тудыратын инфекцияның белгілеріне ұқсас: аурудың тез дамуы, жазылу барысында адам организмінің қайта толық қалпына келуі және гуморальды иммунитеттің пайда болуы. Бұл вирус әсіресе жүкті әйелдерге үлкен қауіп төндіреді.
Вирусты гепатиттер бауырдың аса ауыр асқынуларымен қауыпты. Бауырдағы қабыну процестері бауыр циррозының дамуына, болмаса гепатоцеллюлярлы карцинома немесе бауыр қатерлі ісігін тудыру қауыпын арттырады. Бұл патология гепатоциттердің (бауыр жасушаларының) қатерлі қайта түлеуінен, яғни трансформациясынан туындайды. Бауырдың сау жасушалары оларға шамадан тыс зиянды әсер ету салдарынан қатерлі ісікке айналады. Келесі бір асқыну, бауыр қызметінің жеткіліксіздігі. Бұл патология бауыр паренхимасының жаппай зақымдануына, уланудың одан әрі дамуына байланысты пайда болады. Өз кезегінде бұл бүйрек энцефалопатиясын тудырып адам организмінің тағы бір тазалаушы мүшесінің қызметіне орасан зор зиян келтіреді. Зақымдалған бауыр өзінің қарапайым функцияларын орындауға дәрменсіз болып қалады. Келесі асқынудың бірі холецистит. Бұл өт қабының қабынунан туындайтын кесел. Холецистит жанында орналасқан мүше, бауырдың қабынуынан туындайды.
Бұл аурулардың дендеп кетуі, мезгілінде дертке мән бермей, диагностика жасамай, тиісті ем – шара қоданбағандықтан және аурудың созылмалы ауыр түрлерімен байланысты. Вирусты гепатит дертіне шалдыққан науқасқа кешіктірмей диагностика жасап жүйелі түрде арнайы медициналық ем-шаралар қолдану, жоғарыда аталған асқынулардың алдын алып, адамның сауығып кетуінің бірден бір кепілі болып саналады.
Вирусты гепатиттердің профилактикасы адамға оның жұғу және тарау механизміне тығыз байланысты. А мен Е гепатиттерінің алдын алу үшін күнделікті гигиена талаптарын басшылыққа алып, ауруға шалдыққан сырқатпен қатынасты шектеген абзал. Ал В, С, Д гепатиттерінен қорғану үшін тері мен шырышты қабаттан қанға ауру қоздырғыш вирусты өткізбейтін амалдарды сақтаған жөн.
Вирусты гепатиттердің жұғуына және кеселдің одан әрі дамуына жол бермеу үшін бүгінгі күні елімізде вакциналау әдісі қолданылады. Қазіргі заманауи вакциналар, екпе қабылдағаннан кейін адам организмін осы бір аса қауыпты дертен ұзақ уақыт бойы қорғануын қамтамасыз етеді.
Вирусты гепатитерден сақтаныңыз!
Д. Нұртаев