«Денсаулық» ұғымында репродуктивті денсаулық маңызды болып табылады. Адам денсаулығы - мемлекеттің игілігі. Қоғам үшін дені сау, қандай да бір мамандықты саналы түрде таңдаған, нағыз еңбеккер тәрбиелеу- біздің еліміздегі жалпы және кәсіби білім беретін оқу орны реформасының басты міндеті.
Денсаулық -зор байлық. Әрбір адам өз денсаулығына саналы түрде қарау керек. Ең бастысы, аурудың алдын алған жөн. Дене жаттығуы және организмді шынықтыру арқылы ең жақсы нәтижеге жетуге болады. Осымен қатар дұрыс тамақтануды естен шығармауымыз керек. Бұның барлығы адамның жұмысқа қабілеттілігін арттырады және оның қорғаныш-бейімделу әрекеттерін жаттықтырады.
Сондықтан дене тәрбиесімен спортпен айналасу және дұрыс тамақтану әртүрлі аурулардың алдын алады, әрі оларды емдеуге септігін тигізеді.
Репродуктивтік денсаулық дегеніміз – өмірдің кез келген өсімпаздық жүйенің ауру-сырқаттары болмаған жағдайдағы толық физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік саулығы. Репродуктивтік денсаулықты сақтау - әр адам үшін маңызды! « Репродуктивтік денсаулық» деген түсінікке жыныстық даму, жеке гигиена, жыныстық қатынас жатады. Жыныстық даму- адам ағзасының генетикалық тұрғыда табиғи өзгеру кезеңі. Ол физикалық қана емес, моральды және эмоциялық тұрғыда өзгереді. Бұл кезеңде бала есейіп, қарама-қарсы жыныс өкіліне деген қызығушылық туындайды. Жыныстық жетілудің негізгі ерекшелігі жыныстық белгілерінің дамуы болып саналады. Ұл балалардың беттеріне түк шыға бастап, дауысы өзгеріп, дене бітімі шымырлана түседі. Қыз балаларға етеккір келіп, сүт бездері қалыптасады, дене бітімдері толықси бастайды. Бұл процестердің барлығы адам баласының ұрпақ жалғастыруға бағытталған табиғи қажеттілігі. Бұл ұл бала мен қыз балалардың болашақ ата- ана болып қалыптасуының бірінші кезеңі. Репродуктивті денсаулықты қорғау, отбасын жоспарлауға көмек, ерлі-зайыптыларға немесе болашақ ата-аналарға маңызды болатын түрлі ақпарат беру, осылардың барлығы - іргелі адам құқықтарының санатына жатады. Әр адам өз отбасын жоспарлау үшін мамандардың көмегіне жүгінуге және ғылыми прогресті қолдануға құқылы. Осы кезеңде сен өз денсаулығың үшін жауаптысың. Жыныстық қатынасты бастамас бұрын, оған қаншалықты дайын екеніңді ойлап көр. Жақын адамдарыңның тәжірибесін өз пайдаңа асырып көр. Жыныстық қатынас туралы неғұрлым көп білсең (жүктілік, әртүрлі аурулар, сақтанудың түрлері және т.б.) келешек өмірің де соғұрлым тыныш және қауіпсіз болады. Репродуктивтік денсаулықты сақтауда жеке гигиенаның маңызы ерекше.
ЕСІҢДЕ БОЛСЫН: жеке гигиенаны сақтасаң - өзіңнің және болашақ ұрпағыңның денсаулығының сау болуына жол ашады. Міне, сен өзіңе нық сенімдісің, қадамың анық, еңсең көтерулі.
Шет аудандық орталық ауруханасының
гинеколог дәрігері Досмаханова Г.Ж.