24 наурыз - Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні

Жыл сайын 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні ретінде аталып өтеді. Бұл күнді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. Аталған дата адамзат баласына үлкен қауіп төндіріп отырған туберкулез ауруының алдын алу, оны ерте анықтау және тиімді емдеу мәселелеріне назар аударту мақсатында белгіленген.

Туберкулез – жұқпалы ауру. Ол көбінесе өкпені зақымдайды және ауа арқылы таралады. Аурудың қоздырғышы – микобактерия. Науқас адам жөтелгенде, сөйлегенде немесе түшкіргенде бактериялар ауаға таралып, сау адамға жұғуы мүмкін.

Туберкулездің негізгі белгілері: екі аптадан астам уақытқа созылған жөтел, дене қызуының көтерілуі, түнгі тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту және әлсіздік. Осындай белгілер байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – уақытылы тексеруден өту. Ересектер жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтуі тиіс. Балаларға перзентханада БЦЖ вакцинасы егіледі. Бұл вакцина ағзаны аурудың ауыр түрлерінен қорғайды.

Қазіргі таңда туберкулез толық емделетін аурулардың қатарына жатады. Ең бастысы – ауруды ерте анықтап, дәрігер тағайындаған емді толық қабылдау. Емді өз бетінше тоқтату аурудың асқынуына және дәріге төзімді түрінің дамуына әкелуі мүмкін.

Құрметті қауым!

Туберкулездің алдын алу – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексеруден өтіп, салауатты өмір салтын ұстанайық.